Бүгінгі таңда Қызылорда облысында коронавирус жұқтырғандар саны 1 449-ға жетті. Ал 7 маусымдағы жағдай бойынша індетті жұқтырған 412 адам тіркелген, яғни науқастар саны 3,5 есеге артқан. Оның ішінде 929 адам, яғни 64 пайызы жазылып шықты. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыс бойынша инфекциялық стационарда 515, провизорлық стационарда 1730 төсек-орын дайындалды.

«Қазіргі кезде аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, Облыстық фтизиопульмонология орталығы базасында қосымша 120 орынға инфекциялық және Шалқия елді мекенінде орналасқан емдеу мекемесіндегі провизорлық стационарды 30 төсек-орынға ұлғайту жұмыстары жүзеге асырылады. Тиісінше, инфекциялық стационарда 265 (69 пайыз), провизорда 1279 (74 пайыз) науқас емделуде», - деді Г.Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, маусым айында аймақтағы 76 жасанды өкпені желдету аппаратына қосымша 20 портативті аппараты алынып, тағы 63-не өтінім берілді.