Инфекциялық және провизорлық стационарларда орындар санын екі есеге арттырып, 3700 төсек–орынға жеткізу жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифинг барысында Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан Надыров мәлімдеді.

«Өкінішке орай, инфекциялық қауіпсіздік талаптарына сай келетін ғимараттар аз. Бастапқыда Алматыда 2 стационардағы төсек-орындар саны 500 құраған. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 4 есеге артып, 1900 жетті. Ал алдағы уақытта бастапқыдан 7 есеге ұлғаяды», - деді Қ. Надыров.

Оның айтуынша, HalykArena және Алматы Arena спорт кешендерінің базасында, сондай басқа клиникаларды қайта бейіндеу арқылы жаңа инфекциялық стационар ашылады. Аталған спорт кешендері инфекциялық стационарларға қойылатын талаптарға сай. Бұл ғимараттарды ішінен бірнеше секцияға бөлуге болады, дезинфекциялық өңдеуге болады. Сондай-ақ, желдету жүйесі жақсы және 500-ден астам науқасты жатқызуға болады.

Айта кетейік, маусым айында Алматы қаласында инфекциялық стационарға 2132 науқас жатқызылды, 646 адам жазылып шықты, 494 адам амбулаториялық жағдайда емдеуге ауыстырылды.

Бүгінгі күні өкпені жасанды желдету аппаратына - 11, өкпенің инвазивті емес жасанды желдетуге – 15 пациент қосылған.