Президенттің тапсырмасымен Жамбыл облысының аумағында коронавирусқа қарсы вакцина шығаратын зауыт салынуда. Жалпы құны - 7 млрд теңгеге жуық. Өндірістік қуаты - жылына 30-60 млн доза. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жобаға толығырақ тоқталды.

Оның айтуынша, қазір бұл зауыт бруцеллезге, дерматитке, құс тұмауына қарсы вакцина шығарады. Бұл жануарлар мен адамдардың иммунитетін көтеруге байланысты дәрілер.

«Жыл соңына дейін зауытта барлық құрылыс жұмыстары аяқталады, қаңтар-ақпаннан бастап қажетті жабдықтарды, құрылғыларды, желілерді және т.б. монтаждау басталады. Жоспар бойынша наурыз айында клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі аяқталып, вакцина шығарыла бастайды. Қуаты жылына 30-дан 60 млн дозаға дейін болады. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге келетін болсақ, ғылыми-зерттеу институты тарапынан халықаралық талаптарды ескере отырып, барлық қажетті жағдайлар жасалған. Барлық шарттар ескерілген. Ең бастысы - вакциналарды сақтау, екіншісі - тасымалдау және оны дайындау, шығару кезіндегі институт қызметкерлерінің қауіпсіздігі», - деп атап өтті Сапарбаев.