Қайырымдылық – алаяқтық істейтін сала емес. Қайырымдылық, волонтерлік – ұлттық мәдениетіміз. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Шұғыла» қоғамдық қорының негізін қалаушы Мейірхан Әбдірахманов осындай пікірін жеткізді. Оның айтуынша, адамдар арасында қайырымдылық мәдениетін енгізу керек.

«30-шы жылдары ата-бабаларымыз өзге ұлты өкілдерін қабылдады. Өз үйлерін сегізге бөліп, жеті отбасын асыраған. Бұл біздің қанымыздағы кеңпейілділіктің, жомарттықтың белгісі. Қайырымдылыққа деген ұмтылыс бар. Соны қайта дамытып, жандандыруымыз керек. Мектеп, университеттер, мешіттер қайырымдылықты басқа деңгейге көтеруі керек деп ойлаймын. Отбасыда баланы кішкентайынан біреуге көмектесуге үйрету керек. Мәселе қанша бергенінде емес, жалпы, беру мәдениетін үйретуде. Кішкене болса да, біреуге көмектесу. Адам бұдан рухани ләззат алады. Оның одан ары әрекет етуіне қамшы болады», - деді М.Әбдірахманов.