«Біз әрқайсыңызды волонтерлер қатарына қосылуға үндейміз. Волонтерлік еткен жақсы! Маңызды! Әрі пайдалы!»,- Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қазақстан Волонтерлер лигасы филиалының Нұр-Сұлтан қаласындағы директоры Сұлтан Аллабергенов осылай деді.

Волонтерлік ұйымның елордалық филиалы директорының айтуынша, пандемия жағдайында волонтерлік аса маңызды болды. Елордалық бас волонтер отандық вайнерлер мен блогерлер «Жаса Қазақстан» акциясына белсенді қатысып, көшеде адамдарға медициналық бетперде таратқандарын мысал ретінде келтіріп өтті.

«Олар бір-екі сағат уақыттарын жұмсады. Бұл аз. Бірақ олар қоғамға өз үлестерін қосты. Осылайша олар адамдарға қоғамға қамқор болуға дайын екендіктерін жеткізді. Еліміздің әрбір азаматы солай істеуі керек!»,- дейді Сұлтан Аллабергенов.

Халықты волонтерлікке белсенді қатысуға үндеген Қазақстан волонтерлер лигасының елордалық филиалының директоры еріктілікке жеке де, ұйым құрамында да қатысуға болатындығын айтты. Бұл ретте игі істердің жоба аясында немесе одан тыс жерде жасалуы маңызды емес.

«Ең бастысы, волонтерлік кеңейіп, игі істер азаматтарды біріктіруі тиіс. Пандемия басылып келеді, біз ертеңгі күнге дайын болуымыз керек. Сондықтан баршаңызды жақсы істерді жасауға қатысуға шақырамыз!»,- деді С.Аллабергенов.