Жекешелендіру шеңберінде сатуға тағы да 35 ұйым қойылуы мүмкін

Мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру жоспары 93%-ға орындалды. Үкімет тізбеге тағы да 35 объектіні енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде халықпен есептік кездесу барысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан ЖАМАУБАЕВ хабарлады.

863 мемлекеттік меншіктегі ұйым мен квазимемлекеттік сектор объектілерінің 503-і сатылды. Мемлекет кірісіне 534,1 млрд теңге түсті.

«2020 жылдың 1 маусымына Кешенді жекешелендіру жоспарының орындалуы, сатылған және қайта ұйымдастыруға немесе таратуға бағытталған объектілер 93% - ды құрайды. Сауда-саттықта тұрғандарды есепке алғанда - 96,8%. Ағымдағы жылдың соңына дейін 62 объектіні сату қалды, оның 34-і сауда-саттықта, 28-і сатуға қойылуы тиіс. Үкімет тізбеге тағы 35 объектіні енгізу мүмкіндігін қарастыруда», деп хабарлады министр Жамаубаев.

Мақсат – экономикадағы мемлекеттің үлесін ЖІӨ-ге шаққанда 15%-ға дейін қысқарту.