Сирияға кеткен қазақстандықтарды қайтару туралы "Жусан" жобасына «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің арнайы сыйлығы берілді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі «ҚазАқпарат» сайтына сілтеме жасап.

Арнайы сыйлық жөнінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

"Байқау үміткерлерін қарауда түсіп қалған бір жобаны ерекше атап өткім келеді. Оның да тақырыбы жылдың үздік сериалы атанған "Қызыл деңгейге" (КТК телеарнасы) ұқсас. Қазақта "Әр қазақ - менің жалғызым" деген қанатты сөз бар. Бұл да мемлекеттің өз азаматтарын қиын жағдайда қалдырмайтынын білдіріп тұрғандай. Бүгін "Тұмар" бәйгесінің арнайы сыйлығын Қазақстан телекорпорациясына "Жусан" жобасы үшін бергім келеді. Бұл жоба кәсіби журналистиканың бар екенін және еш нәрседен қорықпайтынымызды көрсетті", - деді Дәурен Абаев.

Министр арнайы "Тұмар" сыйлығын "Қазақстан" телекорпорациясының басшысы Ерлан Қаринге табыстады.

Еске сала кетсек, 9 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасады. Онда Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 Қазақстан азаматының, соның ішінде 30 баланың елімізге қайтарылғанын атап өтті.

Астанада телевизия саласындағы үздіктерді анықтайтын "Тұмар" ұлттық телевизиялық бәйгесі биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бәйгеге 2019 жылдың 22 ақпанынан 10 наурызына дейін 300-ден астам өтінім келіп түскен.

Биылғы байқау 9 номинация бойынша өткізіледі. Үміткерлер, «Үздік телевизиялық сериал», «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік деректі фильм», «Үздік ақпараттық-талдау бағдарламасы», «Телевизиялық маусымның үздік оқиғасы», «Үздік ойын-сауық жобасы», «Үздік өңірлік тележоба», «Үздік тележурналист», «Үздік тележүргізушісі» аталымдарында бақ сынайды.