Пандемия кезінде әлеуметтік саладан басқа, цифрлық инфрақұрылымд да зардап шекті. Мемлекеттік интернет-ресурстарға қолжеткізудегі проблемалар цифрландыру саласындағы ұйымдастырушылық және технологиялық базаның кемшіліктерін көрсетті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов хабарлады.

Оның айтуынша, киберқауіпсіздіктің негізгі принциптері - құпиялылық, тұтастық және қолжетімділік болып табылады. Соңғы аталғандармен проблемалар туындады.

«Түсінікті болуы үшін айтайын, электронды үкіметті ақпараттандырудың әрбір ірі объектісі, бұл қаржы секторына да қатысты, үнемі түрлі кибершабуылдардың ықпалында болады, жыл сайын ақпараттық қауіпсіздіктің миллиардтаған оқиғасы тіркеледі, биылғы жылы шамамен 4 млрд оқиға және миллиондаған кибершабуыл - шамамен 200 млн шабуыл тіркелген. Осы тұрақты теріс әсерлерден басқа, пандемия кезінде және қашықтан жұмыс істеуге көшу кезеңінде цифрлық инфрақұрылымға түскен жүктеме күрт артты, біз бұған дайын болмай шықтық», - деді спикер.