«Адамдар қиындықтар мен қауіп-қатерге, апаттарға душар болған жерлерге Ұлттық ұлан жауынгерлері бірінші болып көмекке келеді. Алматы, Түркістан, Қарағанды облыстарындағы су тасқыны кезінде, Арыс қаласында снарядтар жарылғанда, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы орман өрттерінде ұландықтар алғаш болып көмекке аттанды. Биыл жауынгерлеріміз қар құрсауынан 326 адамды және 112 бірлік техника эвакуациялады», - деді спикер.


Пандемия жағдайында Ұлттық ұланның жеке құрамы жауынгерлік қызметті күшейтілген режимде қызмет атқарды.  Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелері еліміздің жеті қаласында 158 түрлі объектіге арнайы өңдеу жұмыстарын (дезинфекция) жүргізді, 671 гектардан астам жер өңделді.  Әскери ұжымдарда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша карантиндік және санитарлық іс-шаралар жүзеге асырылды.