Оның айтуынша, туристік нарықтың қызметін одан әрі ынталандыру бойынша заңнамалық актілер қабылданып, ішкі туризммен танысу үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, көрсетілетін қызметтер желісі ұлғайтылды. Инфрақұрылымды дамыту мен инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін барлық жағдайлар жасалуда.


«Бүгінгі таңда мәдениет, әдет-ғұрыппен дәстүрлерді насихаттауға бағытталған этно-туризм ерекше өзектілік пен танымалдылыққа ие. Осы бағытта маусым-қыркүйек айларында Алматы қаласының туристік тартылыс орындарында қолөнершілердің қатысуымен «Ұлы дала мұрасы» жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Алматы қаласында ұлттық тағамдары мен Қазақстан халықтарының тағамдарын танымал ету мақсатында «Kok bazar Fest», Ақтөбе облысында «Көшпенділер (Номад) мұрасы», Шығыс Қазақстан облысында BUQTYRMA FEST сияқты әр өңірге тән фестивальдерді өткізу көзделген. Киелі туризмді дамытуды ынталандыру және тарихи-мәдени объектілерге туристік қызығушылықты арттыру мақсатында ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін Қарағанды облысының Ұлытау ауданында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін ашу, шілде айында Шығыс Қазақстан облысында «Абай жолымен» ақпараттық турын және т.б. өткізіледі», - деді ведомство басшысы. 


Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстанның қолданыстағы туристік өнімдерінің тізімін қалыптастыру мақсатында елдің бірегей тарихи-мәдени және табиғи көрікті жерлерін қамтитын 30 жаңа трансұлттық және өңірлік туристік өнімдерді әзірлеу бойынша арнайы жоба іске асырылады. Оның қатарында Ұлы Жібек жолы бойында трансұлттық маршруттарды құру және Қазақстанның ТОП-10 туристік дестинациясы бар.


«Ұлттық және халықаралық деңгейде еліміздің туристік әлеуетін одан әрі ілгерілету мақсатында Қазақстанның 30 туристік өнімдерінің каталогы құрылады. Қазақстанның туристік мүмкіндіктері мен әлеуетін шетелдік аудиторияға таныстыру мақсатында Алматы қаласына әлемнің 30 елінен келген 150 журналистің қатысуымен халықаралық шаңғышы Журналистер клубының (SCIJ) жыл сайынғы кездесуі ұйымдастырылады. Туризм саласында жоспарланған 30 зәкірлі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр», - деді министр.