2020 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына түзетулер қабылданды, оның шеңберінде балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар тетігі енгізілді.


Министрлік алғаш рет мүдделі мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, жұртшылықпен бірлесіп, тиісті нормативтік құқықтық актілерді: жан басына қаржыландыру әдістемесі мен қағидаларын, мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды орналастыру қағидаларын, сондай-ақ шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларының рейтингін айқындау қағидаларын әзірлеп, қабылдады.


«Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды жүзеге асыру ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап іске қосылды, оларды қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Жалпы, ЖАО мәліметтері бойынша 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 22 000 балалар үйірмесі және 126 783 спорт секциясы жұмыс істейді. 2021 жылы мемлекеттік тапсырысты енгізу 4-17 жас аралығындағы 64 105 бала мен жасөспірімге үйірмелерге тегін негізде қосымша қатысуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, оның ішінде 23 566 - үйірмелерге, 40 539 – секцияларға қатыса алады», - деді салалық министрліктің басшысы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында сөйлеген сөзінде.


Ақтоты Райымқұлова «Бала» цифрлық платформасында artsport.edu.kz мекен жайы арқылы балаға арналған үйірмеге немесе секцияға қатысуға өтініш беріп, цифрлық ваучер алуға болатынын нақтылап өтті. Бұл спорт пен шығармашылық әлеміне берілген жолдама іспетті.


Ресми деректер бойынша, әкімдіктер 2021 жылы мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға 2,4 млрд теңге, мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға 5 млрд теңге қарастырған.
Балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға Президенттің тағы бір тапсырмасын іске асыру – кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруды қайта бағдарлау әсер етуі тиіс.


«2020 жылы бұл сома 55 млрд теңге көлемінде болды. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты үлкен жұмыс атқарылды, біз шектеу белгіледік, бұл туралы барлық облыстарға жеткізілді. Ол белгілі бір мөлшерден аспауы керек. Мысалы, футбол және хоккей клубтары - 1,2 млрд теңгеден, қалған спорт түрлері - 450 млн теңгеден аспайды. Бұл айтарлықтай экономикалық пайда әкеледі, босатылған қаражат бұқаралық спортты дамытуға және балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға бағытталатын болады», - деп атап өтті спикер.