Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сарапшылар осындай нақты жауап берді. ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Лаззат Ералиева оны былай түсіндірді:

«Вакцина алған адам айналасындағылар үшін инфекция көзі болуы мүмкін, өйткені ол симптомсыз тасымалдаушы болып, COVID таратуы мүмкін. Екпе жұтқыншақта вирустың болмауына кепіл бермейді, бірақ ауырмауға немесе аурудың жеңіл түрімен ауыруға септігін тигізеді». 


Мұндай құбылыстың ғылыми негіздемесін ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл да жеткізді.


«Екі компонентпен егілген науқас біраз уақыт SARS-CoV-2 вирусының тасымалдаушысы болуы мүмкін деген ғылыми дәлелдер бар. Вирустың популяцияда белсенді айналымы жүріп жатқан кезде инфекцияның кейіннен таралуын болдырмау үшін вакцинациядан кейін медициналық маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты ұсыныстар осыған негізделген. SARS-CoV-2 вирусының айналымы неғұрлым төмен болса, біз соғұрлым тез қалыпты өмірімізге ораламыз. Вирус айналымын төмендетуге не ықпал етеді? Әрине, халықты белсенді иммундау және індетке қарсы іс-шараларды сақтау», - деп түйіндеді сарапшы.