Оның айтынша, жалған вакцинация паспорттарын және ПТР-анықтамаларды беру немесе қолдан жасау фактілері туралы ақпарат жинау бойынша ведомствоаралық арнайы жұмыс тобы  құрылды. Оған 7 мемлекеттік органның (ІІМ, ҰҚК, БП, СЖҚА, ҚМА, ДСМ, АҚДМ) қызметкерлері енді.  


«Ішкі істер органдарының жедел және тергеу бөлімшелері жалған құжаттарды сату фактілерін анықтау бойынша әртүрлі жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізеді. Полиция қызметкерлері медициналық орталықтарды, емханаларды, вакцина алу пункттерін тексеруді жалғастыруда. Жыл басынан бері полиция органдары барлығы 86 қылмыстық іс қозғады, оның 39-ы вакцинация паспорттарын және 47-сі ПТР-анықтаманы қолдан жасағаны үшін. Жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған», - деп атап өтті А.Заппаров.


Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарды мониторингтеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде жалған вакцинация паспорттарын немесе ПТР-анықтамаларды сату туралы 62 хабарландыру анықталды. Олар туралы ақпарат бұғаттау үшін уәкілетті органға (АҚДМ) жіберілді. Бүгінде бұлардың 29-ы бұғатталды. 


Осыған байланысты ІІМ сақтық шараларын ұстанып, заң бұзушылыққа жол бермеуге шақырады.