«Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша халықтың барлық топтарымен профилактикалық және үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізді. Су айдындарында 6 655 қауіпсіздік белгісі және 1 656 ақпараттық стенд орнатылды, онда адамдардың қаза болу себептері мен оқиғаларға ықпал еткен жағдайлар жазылған. Қалалық жағажайларда шомылуға арналған балалар жағажайлары жабдықталды. Онда құтқарушылар шомылу кезеңінде балаларды жүзу дағдыларына үйрету бойынша жұмыс жүргізді. Суда адамдардың қаза болуына жол бермеу бойынша профилактикалық жұмыстарға 17 943 волонтер тартылды. Жүйелі негізде тыйым салынған орындарда азаматтардың қоғамдық орындарда болу және ортақ су пайдалану қағидаларының, сондай-ақ, судағы қауіпсіздік қағидалары талаптарын бұзу фактілерінің жолын кесу бойынша күн сайын ТЖМ және ІІМ бірлескен рейдтер мен патрульдеу жүргізді», - деді спикер.  


Биыл су айдындарында адам өлімінің алдын алудың жаңа әдістері қолданылды. Әуежайлар мен теміржол вокзалдарының мультимедиалық жабдықтары су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы роликтер көрсету үшін пайдаланылды. 2GIS картографиялық платформасында еліміздің өңірлеріндегі барлық су акваториясында шомылуға тыйым салынған және рұқсат етілген орындарының деректері орналастырылған.  


«Жүргізілген профилактикалық және алдын алу жұмыстарына қарамастан қайғылы статистика да бар. Суға шомылу маусымы кезінде су айдындарында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан 319 адам, оның ішінде 95 кәмелетке толмағандар суға кетті. Адамдардың қайтыс болуының негізгі себептері өз күштерін жете бағаламау, мас күйінде шомылу, су айдынына құлау, жүзе алмау, балық аулау кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу, суға батып жатқан адамдарды құтқару және жүзу құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу болып табылады. Су айдындарында балалардың қаза болу жағдайларының 82%-ында балалар ата-аналарының қарауынсыз болды», - деді Тұрысбаев . 


Суға шомылу маусымының аяқталғанына қарамастан құтқарушылар су акваторияларында адмдардың өлімінің алдын алу бойынша профилактикалық жұмысты жалғастырады.