«Облыстың дамуы мен халық санының қарқынды өсуіне орай өңірде суға деген сұраныс артып келеді. Бүгінгі күні облыс 154 мың текше метр су тұтынады. Жаз мезгілінде 51 мың текше метр су тапшылығы байқалады. 2025 жылға қарай суға деген қажеттілік 250-260 мың текше метрге жетеді деген болжам бар. Өңірде жалпы қуаты 286 мың текше метр суды тұшытатын 9 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның екеуі келесі жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылады. Олардың бірі - Ақтау қаласындағы су тұшыту зауытының қуатын 20 мыңнан 40 мың текше метрге дейін жеткізу. Сондай-ақ, Қаражанбас кен орнында қуаты тәулігіне 17 мың текше метр су тұшытатын зауыт іске қосылады. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 10 мың текше метр су облыстың қажеттілігіне беріледі. Сонда қазіргі 51 мың текше метр судың 30 мыңы келесі жартыжылдықта жабылады және Кендірлі аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұшыту зауыты іске қосылғаннан кейін бұл мәселелер шешіледі», - деді облыс басшысы.    


Ауылдық жерлерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Ақтау, Жаңаөзен және Форт-Шевченко қалаларында ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің 100 пайызы жасақталған. Бүгінде ауылды елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші былтыр 92% болса, биылғы жылдың қорытындысы бойынша 96% жеткізілмек.