«2019 жылы 148 мың оқушы болса, биыл 167 мың оқушыны құрады. Болжам бойынша 2025 жылы 207 мың оқушы болады деп күтілуде. Облыста 5690 бала үш ауысымда оқиды, 18 мектепте. Осы мәселелерді шешу үшін биыл жаңа оқу жылына 1500 орындық 2 мемлекеттік мектеп және 6 жеке меншік мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 8 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша 4 интеллектуалды, заманауи мектеп салынады. Оның үшеуі Ақтау қаласында, біреуі Жаңаөзен қаласында. Қазіргі кезде қаражат бөлу, оны қайтару, жұмыс істеу принциптері қаралуда. 2022-2025 жж сәйкесінше, 14 мектеп және 8 мектепке қосымша ғимараттар салынады» ,- деді Ноғаев. 


Оның мәліметінше, денсаулық сақтау саласында биыл Қызылсай ауылында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Қазіргі кезде Жаңаөзен қаласында 50 орындық медициналық орталықтың және Рахат ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізілуде. Мұнайлы ауданында 150 төсек-орындық аурухана салынады. Мұның барлығы облысты кешенді дамыту жоспарына енгізілген.   


«Ақтау қаласында 400 төсектік көпфункционалды қалалық аурухана құрылысын мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы салу көзделген. 2021 жылы қажет құрал – жабдықтар алынды. Биыл мед техникамен жабдықтау 90 пайызды құрайды деп жоспарланған. Бұдан бөлек, дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асырылады. Жалпы облыста білім және денсаулық салаларына қатысты ортақ мәселе бар, ол – кадр тапшылығы. Бүгінгі таңда білім саласында кадр тапшылығы – 98 маман болса, денсаулық саласында – 217. Бұл мәселелерді шешу үшін жыл сайын мамандарды қолдау бағытында облыс әкімдігі жанындағы комиссия облыстық бюджеттен және әлеуметтік көмек аясында білім саласына 182 адам дайындау үшін 140 млн теңге, денсаулық саласына 259 маман даярлау үшін 220 млн теңге бөлді. Бұл қаражат игеріліп, мамандар білім алғаннан кейін өз жерлерінде жұмыс істейді. Бұл мәселе осылайша шешімін табады», - деді облыс басшысы. 


Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бір жолғы көтерме ақы және тұрғын үй алуға несие беру мәселесі де жүйелі түрде шешіліп келеді. Білім саласында 80 және денсаулық сақтау саласында 165 маманға қажетті қаражат бөлінді. Нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда білім саласында мамандар тапшылығы 20 % және денсаулық сақтау саласында 43 % төмендеді.