Ведомство басшысы АртСпорт бұқаралық спортты дамытудың жалғыз механизмі емес екенін атап  өтті. 


«Бүгінге дейін 41 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін іске қосу арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізілді. Оның 32-сі аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде ашылды. Сонымен қатар ауылдық жерлерде спорттық іс-шаралар мен секцияларды ұйымдастыруға жауапты  3064 жаттықтырушы жұмысқа алынды. Жастарды спортқа тарту үшін өткен жылы баскетбол, волейбол, футзол, қазақша күрес, үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен мектеп ішілік және студенттер арасында ұлттық лигалар өткізілді. Білім беру жүйесінің барлық деңгейінде дене шынықтыру пәнінің ұстаздарына сабақтан тыс іс-шаралар өткізгені үшін қосымша ақы тағайындалды. Бұл ретте 30 мыңнан астам дене тәрбиесі мұғалімі қамтылды. 2022-24 жылдары аталған мақсатта аймақтарға қосымша 21 млрд теңге бөлінеді», - деді министр.


Оның мәліметінше, жалпы алғанда бүгінге дейін балаларды қосымша спорт секцияларымен және үйірмелермен қамту 73% құрап отыр. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі мен білім беру ұйымдарындағы секциялардан бөлек балалар мен жасөспірімдерді оқытатын спорт мектептерінде тағы 386 мың бала білім алуда. 2022 жылы қаржыландырудың жалпы көлемі 123,7 млрд теңгені құрады.