ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенованың айтуынша, интервьюерлерді даярлау үшін республикалық семинар өткізілді. Бұл оқыту MICS бойынша далалық жұмыстарды жүргізудің негізгі аспектілерін қамтыды. Бұл интервьюерлер – ұлттық және халықаралық зерттеулерді жүргізу тәжірибесі бар ұлттық статистика бюросының қызметкерлері.

«Сауалнамаға қатысу/қатыспау – азаматтартың өз еркінде. Заңнамаға сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан деректерді жинау процесіне араласуға жол берілмейді. Интервьюерлер Бюро, ЮНИСЕФ, АДБ және ЮНФПА логотиптері бар киім киіп, бейдж тағады. Әрбір бейджде сауалнама туралы сенімді ақпарат алуға болатын ресми веб-сайттың QR сілтемесі көрсетіледі», – деді спикер.

MICS-2024 аясында бес негізгі сауалнама парағы болады: үй шаруашылығының сауалнамасы, әйелдерге арналған сауалнама, ерлерге арналған сауалнама, 5 жасқа дейінгі балалар туралы сауалнама, 5 жастан 17 жасқа дейінгі балалар туралы сауалнама.

Әр сауалнама тұрмыс пен денсаулықтың түрлі аспектілерін қамтиды. Барлық сауалнама бейінді мемлекеттік органмен келісілген және қажетті келісуден өткен.

Мысалы, әйелдер мен ерлерге арналған сауалнамада жұмыспен қамту және оқыту, неке, психикалық денсаулық мәселелері қамтылған.  Әйелдерге арналған сауалнамада босану және босанғаннан кейінгі көмек туралы қосымша сұрақтар бар. 5 жасқа дейінгі балалар туралы сауалнамада – ерте жастағы балаларды дамыту, балаларды тәртіпке келтіру, иммундау мәселелері. 5-17 жас аралығындағы балалар туралы сауалнамада балалар еңбегі, ерте дағдыларды дамыту мәселелері қамтылған.

«Сауалнамаға қатысу ерікті түрде өтетініне, алынған ақпарат анонимдігі қатаң сақталатынына және оның тек статистикалық мақсаттарда пайдаланылатынына назар аударғымыз келеді.  Сондықтан интревьюерлеріміз баратын үй шаруашылықтарын осы зерттеуге түсіністікпен қарауға шақырамыз.  Респонденттер кез келген сұраққа жауап беруден бас тарта алады немесе кез келген уақытта сұхбатты тоқтата алады», - деді Агенттік өкілі.

Барлық туындаған сұрақ бойынша жұмыс күндері Бюроның сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейтін 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады.

Аталған зерттеу қорытындысы бойынша есеп Ұлттық статистика бюросының және ЮНИСЕФ сайтында жарияланады.

MICS іске қосылған 1996 жылдан бері 118 елде аталған зерттеу жүргізілген. MICS-тің осы жетінші раундына Қазақстанды қосқанда 27 ел қатысады.