Тоғжан Мажитова, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің маманы
Вакцинация – бұл заманауи медицинада белгілі, жұқпалы ауруларға қарсы қорғанудың тиімді құралдарының бірі. Пациенттің азғасына ауру қоздырушылармен күресу үшін антиденелерді ынталандыратын әлсіздендірілген немесе өлі ауру тудырушы агент (немесе агент нәруызы тәріздес жасанды синтезделген нәруыз) енгізіледі. Кез-келген вакцинация ағзаның қорғаныс қабілетін нығайтуға, оның тұрақтылығын қалыптастырып, түрлі қауіпті ауруларды қабылдамауына ықпалдасады.
Қазақстанда Ұлттық екпе күнтізбесі бекітілген, соған сәйкес мамандар жоспарлы вакцинация үшін белгіленген мерзімдерді сақтауға кеңес береді.
Заманауи вакцинация балалар мен ересектерді полиомиелит, қызамық, қызылша, көкжөтел, туберкулездің күрделі түрлері сияқты қауіпті аурулардан қорғауға көмектеседі.
Вакцинациялаудың арқасында, бүгінгі таңда 14-ке жуық жұқпалы аурулардың алдын алуға болады. Оның барлығы Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген және оларды тегін алуға болады.
Бұдан бөлек, әр медициналық мекемеде екпелер туралы, екпеден бас тарту салдары туралы толық ақпарат алуға, сондай-ақ, вакцинация алудың алдында толық медициналық тексерулерден өтуге болады.
Вакцина жеке бір адамды ғана емес, айналадағыларды да қорғайды. Егер көп адам екпе алған болса (шамамен 75-94% халық), онда қалғандарына қорқудың қажеті жоқ — өйткені ұжымдық иммунитет өз жұмысын жасайды. Нәрестелерге, жүкті әйелдерге және иммунитеті әлсіз адамдарға екпе салынбайды, бірақ оларға вакцинация алған адамдардың есебінен қауіп төнбейді.
Вакциналар жаппай шығарылатын кезде толық қауіпсіздікке, зиянсыздығына және нәтижелілігіне қарай қатаң бақылаудан өткізіледі. Әр өндіруші міндетті түрде шығарылған вакциналарды тексереді. Олар екпе қолданылатын елде тіркелетін кезде тағы да тексеруден өтеді.
Профилактикалық екпелер мемлекеттік емдеу-профилактикалық мекемелерде (емханада), немесе халықты иммундау мамандандырылған орталықтарында, немесе осындай медициналық ем-шараны жүзеге асыруға лицензиясы бар жекеменшік клиникаларда жүргізіледі. Профилактикалық екпелер белгілі талаптар мен нормаларға сәйкес келетін екпе егу кабинетінде салынады.
Екпе салар алдында баланы науқастармен байланысудан қорғау қажет. Тағамдық аллергиясы болған жағдайда қатаң түрде диета сақтап, ас үлесіне жаңа тағам түрлерін кіргізбеген жөн. Бұндай тәртіпті екпеден кейін 5-7 күн ұстану қажет.
Екпе салынған күні далада серуендеуді, басқа балалармен байланысуды шектетіп, баланы тәулік бойы шомылдырмауға кеңес беріледі.
Екпеден кейін балаға ата-анасы тарапынан көңіл бөлінуі қажет, сонымен қатар емхананың медициналық персоналы да белгіленген мерзімдерде жеке бақылауға алулары тиіс. Екпеден кейін балада шұғыл әсерлер пайда болған жағдайда, балаға медициналық бақылауды қамтамасыз ету үшін ата-аналарына баласымен бірге екпе салынған кабинеттің алдында 30 минут көлемінде отыру қажет.
Осындай кішігірім кеңестерді сақтай отырып, асқыну қаупін айтарлықтай төмендетуге және балаңызға екпеден кейінгі кезеңді әлдеқайда жеңіл өткізуіне көмектесе аласыз.