22.01.2019 в 15:59

Бараев орталығының ғалымдары бидайдан 46,5 центнер өнім алды

Орталықта жыл сайын ауыл шаруашылығының 90 мың үлгісі зерттеліп, 2 мыңға жуық будандастыру комбинациялары іске асады.

«Қатты бидай зертханасының қызметкерлері 2018 жылы «Дамсинская 2017» сортынан 46,5 центнер өнім алды. Зерттеу жұмыстары 2015 жылы басталған болатын. Бір айта кетерлігі, жаңа сорттың ерекшелігі – төзімділігі жоғары. Еліміздің солтүстік өңірлерінде өсіруге арналған бұл сорт ауа және топырақ құрғақшылығына төзімді. Экологиялық сорт сынақ Солтүстік Қазақстан облысында да жүргізіліп, аталған сорт 46,3 центнер өнім берді», - деп мәлімдеді А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Кенже Абдуллаев.

Сонымен қатар, Ақмола облысының Шортанды ауданында орналасқан А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында былтыр жаздық бидайдың өнімділігі 2,5 есе артып 25,5 центнерге жеткен болатын.

Айта кетейік, А.И. Бараев атындағы АШҒӨО Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, қызметкерлердің айлығын 10 пайызға өсірді.