Армения президенті Армен Саркисян Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан ХІІ Астана экономикалық форумы барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Барлығы да болжай білуден, армандай білуден басталады, өйткені біз адамбыз. Менің мұнда алғаш келгенім есімде, шағын ғана қала болатын. Қалада бос жерлер көп болатын. Содан соң ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арманы пайда болып, ол жүзеге асты. Ол арман – осы қаланы қазақ елінің елордасы ету. Енді қараңыздар, Қазақстан астанасының аз уақыт ішінде қалай қалыптасқанын. Біз бүгін Нұр-Сұлтан қаласындамыз және қаланы Еуразияның астанасы деп толық айтуға болады», - деді Армен Саркисян.

Сонымен қатар, Армения басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді.

«Құрметті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанды басқарудағы кемеңгерлігіңізге және Еуразия аумағындағы көшбасшылығыңыз үшін сізге үлкен рақмет айтамын», - деді ол.

Одан бөлек, А.Саркисян жаһандық дамуға қатысты революциялық эволюция қарқынды даму үстінде, сондықтан да әлем күн санап өзгереді және біз оған дайын болуымыз керек екендігін айтып өтті.