ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин шетелдік инвесторларды Қазақстан нарығында жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Қазақстан инвестициялық саясаттың маңызын ескере отырып, Премьер-Министрдің жұмысына инвестициялық омбудсмен міндетін жүктеді. Шетелдік бизнеске тәжірибе үйрету мақсатында шетелдік тікелей инвестициялар бойынша Үйлестіру кеңесі құрылды. Кеңес инвестициялық жобаларды іске асыру процесі кезінде мәселе туындаса, шешім іздейтін болады. Ақырында, жеке секторға негізделген экономикалық өсімнің берік моделін құрғымыз келеді», - деді Асқар Мамин АЭФ аясында өткен Жаһандық инвестиция бойынша дөңгелек үстелде.

Үкімет басшысы өз сөзінде мемлекеттік активтерді кең ауқымда жекешелендіру жұмыстары экономикадағы өндіріс деңгейін арттырып, әлеуетті инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндік ашатынын тілге тиек етті.

«Осының нәтижесінде экономикадағы мемлекеттің үлесін 2020 жылға дейін 17 пайыздан 15 пайызға азайтсақ дейміз. Инстуционалдық орта құру бағытындағы жұмсаған жігеріміз Қазақстанды аймақтағы бизнес үшін жайлы мемлекеттердің бірі ретінде танытты. 2018 жылы Doing Business есебі бойынша біз 190 елдің ішінде 28-ші орынға тұрақтадық. Инфрақұрылым мен көліктік шығындардың маңызын түйсіне келе автокөлік және темір жолдардың сапасын арттырып келеміз. «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасының бұл процесте маңызы өте зор», - дейді ол.

Сөз соңында Асқар Мамин Қазақстанның инвестиция салудағы әлеуеті жайлы сөз қозғады.

«Біз аймақ және әлем бойынша бизнес құруға болатын ең жайлы шарттарды ұсынамыз. Тұтынушылары жеткілікті ЕАЭО-ның динамикалық әлеуеті зор. Осы сәтті пайдалана отырып, әріптестерімізді және достарымызды Қазақстанға инвестиция салу мүмкіндіктерін зерттеуге шақырамыз», - деп түйді Үкімет басшысы.