Биыл «Астана кештері» VIII халықаралық өнер фестивалі аясында отандық және әлемдік өнер жұлдыздарының қатысуымен 5 қайырымдылық концерті өтеді.

«Фестивальдің басты мақсаты– халықтың түрлі әлеуметтік топтарына әлемдік өнердің жауһарларын тамашалауға мүмкіндік беру. Сондықтан қайырымдылық мақсатта өткізілетін бұл жобаның концерттеріне барлық билеттер тегін таратылады. Әлемде теңдесі жоқ фестивальдің ерекше қонақтары – мүмкіндігі шектеулі жандар. Ұйымдастырушылар оларға концерттерге келуі үшін арнайы көлікпен қамтамасыз етеді», - деді «Қазақконцерт» МКҰ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы.

3 маусымда «Қазақстан» Орталық концерт залында сағат 19:00-де Медет Шотабаевтың «Ұстазға алғыс» кеші өтеді. 4 маусымда сағат 18:00-де камералық музыка кешінде итальяндық және қазақстандық сахна шеберлері«Астана Опера» камералық залында өнер көрсетеді. Италияның атынан әлемге әйгілі альтист Анна Серова, фортепиано дуэті Марко Скьяво – Серджо Маркеджани, ал біздің елдің атынан әйгілі пианист, «Құрмет» орденінің иесі, «Forte Trio» мемлекеттік триосының жетекшісі Тимур Урманчеев, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Динара Базарбаева-Сахаман (скрипка) және Мұрат Нарбеков (виолончель) шығады.

Симфониялық музыка сүйер қауым 5 маусымда «Қазақстан» Орталық концерт залында сағат 19:00-де заманымыздың ең таңдаулы пианисі Бехзода Абдураимова (Өзбекстан-АҚШ) және ҚР халық артисі Айман Мұсаходжаева сынды қос жұлдыздың концертіне бара алады.

Орган концерттеріне Париждегі Әулие Николя дю Шардоне шіркеуінің органисі Мари-Аньес Граль-Мене 6 маусымда келеді.

Фестиваль 7 маусымда «Қазақстан» Орталық концерт залында өтетін «4 рояль & альт» аспапты концертімен аяқталады. Итальяндық альтист Анна Серова Қазақстанда тұңғыш рет Роберто Молинеллидің «Lady Walton’s Garden» шығармасын орындайды, сондай-ақ бұл концертті Абай ат. МАОБТ бишісі Нельсон Пеньямен жұптасқан аргентиналық тангомен тәмамдайды.

Сонымен қатар, «Астана кештерінің» арнайы қонағы итальяндық композитор Сальваторе Фрега фестивальге “Magic Horse” оркестрлік пьесасын тарту етті. Ол бұл шығармасы үшін Лос-Анжелестегі Akademia Music Awards-2019 салтанатында бас жүлдемен марапатталған. Автор шығармасының Қазақстандағы тұсаукесеріне 7 маусымда келеді.

Билеттерді «Қазақстан» орталық концерт залының кассасында тегін алуға болады.