Елордада өтетін концертке Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония, Түркия, Нидерланды, Румыния, Бразилия, Мексика, Африка, Канада, Австралия елдерінен де Димаш Құдайгергеннің тыңдармандары келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мәлімдеді.

«Концертке билет сатып алушылардың ең көбі қазақстандықтар, одан кейін шетелдік тыңдармандары да концертке билеттер алып қойған. Билеттер сатылымға шыққан алғашқы күні 6926 билет , яғни, 30% сатылған.Бір аптадан кейін билеттер сатылымы 11099-ға яғни, 48,2% - ға жеткен. Бүгінде сатылым 66%-ға жеткен, яғни 15156 билет сатылды. Димаштың концертіне келем деушілердің саны өте көп, үлкен аншлагпен өтеді», - деді Ерлан Қарин.

Айтуынша, шоу-концерт кинетикалық стильде құрылған, оның образына дейін имиджмейкерлермен кеңінен ойластырылған.

«Әр номер – ортақ идеяны жеткізетін жеке оқиға, мини-спектакль десе болады. Қазіргі сәтте барлық техникалық жағдайлар, мультимедиялық шешімдер, сахнаның әрленуі, дыбыс пен жарық мәселесі шешілді. Енді декорация мен реквизит қарастырылып жатыр. Концерттін тв нұсқасын сапалы түсіру жұмыстары да ойластырылуда, алдағы 3 айға жоспар құрылған», - деп атап өтті.

Шығармашылық топ музыкалық материалдармен, қойылым жұмыстары мен графикалық шешімдер толық іске асырылып жатыр. Концертке қатысатын әр түрлі жанрдағы бишілер тобына арнайы кастинг жүргізілмек. Кастинг қорытындысы бойынша халықаралық алаңдарда өнер көрсеткен еліміздің ең мықты бишілері қатысады.

Сонымен қатар, мамыр айының мерекелік күндерінде Ұлттық арнада Мәскеудегі Кремль сарайында 22 наурызда өткен Димаштың концерті эфирге шығатынын да атап өтті.