Биыл кішкентай көрермендер назарына қазақ тіліне дубляждалған Disney компаниясының тағы 5 жаңа фильмі ұсынылмақ.

28 наурызда - «Дамбо», 12 мамырда - «Аладдин», 20 маусымда - «Ойыншықтар хикаясы 4», 19 шілдеде - «Арыстан патша» және 28 қарашада - «Мұзды өлке 2» мульфильмдерінің тұсауы кесіледі.

«Біз әлемдік студияның отбасымен көруге арналған қазақ тіліндегі сапалы контентін қолжетімді еткіміз келеді. Осы мақсатта отандық әртістермен белсенді қарым-қатынас орнатып, алғашқы кастингтерге 10-нан астам танымал актер сынақтан өтуге шақыртылды. Басты рөлдерді сомдайтын актерлерді Дисней компаниясы бекітетіндіктен, біздің отандық актерлер үшін аталған жобаға қатысу кәсіби өсудің нышаны болып отыр. Осы орайда алдағы кастингтерде де Қазақстанның танымал тұлғалары жобаға қолдау көрсетіп, бірлескен жұмыстың арқасында кинотеатр залдары қазақстандық отбасыларға толы болады деп сенеміз», - деді «Болашақ» КҚ директоры Динара Шайжүнісова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Жобаны ұйымдастырушылар қазақ тілінде дубляждалған туындыларды халыққа кеңінен таныту мақсатында ivi.ru онлайн-кинотеатрымен бірлесіп, ауқымды қайырымдылық кинофестивалін өткізуді жоспарлап отыр. Жаз мезгілінің басында қор дубляждаған фильмдер бірнеше күн Алматы тұрғындары үшін ашық аспан астында көрсетілетін болады.

Айта кетсек, 2011 жылдан бері «Болашақ» КҚ мен Меломан компаниясы 27 голливудтық кинокартинаның қазақ тіліндегі дубляжын жүзеге асырды.