Елордада ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен партияның кезектен тыс ХІХ съезі өтіп жатыр, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі Қазақпарат сайтына сілтеме жасап.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі БҰҰ деңгейінде жоғары бағаланғанын білесіздер. Осы жаһандық құрылымда ол Бас хатшының орынбасары ретінде қызмет етті. Дипломатиялық жетістіктерімен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинады. Ол ел дамуының ең күрделі кезеңінде Қазақстан Үкіметін басқарды. Естеріңізде болса, 1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін экономиканы қалпына келтіруге атсалысты», - деп атап өтті ҚР Тұңғыш Президенті.

Елбасы Қ.Тоқаевтың тікелей қатысуымен 90-шы жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында бірқатар маңызды реформа жүргізіліп, ел экономикасын өркендетуге жол ашылғандығын айтты.

«Сол жылдары ол менің Ұлттық қор құру туралы идеямды толық қолдап, оның құрылуына атсалысты. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, даму институттары осы кезде пайда болды. Әлеуметтік жаңғыру жолында алғашқы қадамдар жасалды. Жаңа зейнетақы жүйесі қалыптасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы ретінде Қазақстандағы парламентаризмнің жаңа заң шығару қызметіне мол үлес қосты. Осы жылдар ішінде ол маған сенімді серік болып, елімізді одан ары өркендетуге қатысты ұстанымымды қолдап келеді. Мен оған толық сенемін және оны Қазақстанды басқаруға лайықты азамат деп есептеймін. Ол менен бір мүшел жас кіші, осы күні ел басқарып отырған төңіректегі көршілеріміздің құрдасы және замандасы болып саналады. Жұмыс істеуіне ыңғайлы», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Съезд барысында 2019 жылдың 9 маусымына тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауға партия атынан түсетін кандидат таңдалатын болады. Партия съезінің жұмысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент палаталарының төрағалары Дариға Назарбаева мен Нұрлан Нығматулин, Премьер-Министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, депутаттар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, дипломатиялық корпус өкілдері, өңірлерден келген 627 делегат, жалпы 1500-ден астам адам қатысып отыр.