Top.Mail.Ru

2019 жылғы 19 сәуір күні Назарбаев орталығының ғимаратында «Түркі интеграциясының архитекторы» және «Елорда эпопеясы» кітаптарының тұсаукесері өтті.

«Түркі интеграциясының архитекторы» кітабында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың түркі әлеміндегі рөлін толықтай ашатын бірқатар мемлекет басшыларының, танымал саясаттанушылар мен сарапшылардың, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің пайымды пікірлері мен орамды ойлары топтастырылған.

«Елорда эпопеясы» басылымы ел тәуелсіздігінің нышаны – Қазақстанның елордасының 20-жылдығына орай шығарылған. Бұл кітапқа «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің әр жылдардағы санында Нұр-Сұлтан қаласының қалыптасуын Қазақстан мен шет елдің көрнекі саяси және қоғам қайраткерлерінің көзімен айшықтаған жарияланымдар енгізілді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев, Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Маммадов, Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жээнбек Қулубаев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекеттік органдар мен сарапшылық қоғамдастық өкілдері қатысты.

"Жақсы кітап – жанның азығы. Екі туындының да біздер үшін де, келешек ұрпақ үшін де маңызы ерекше. «Түркі интеграциясының архитекторы» басылымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түбі бір түркі халықтарын өзара жақындастырудағы ықпалы туралы мол мағлұмат бар. Елбасының көшбасшылық қасиеттері мен маңызды қадамдарға барудағы даналық қыры толық ашылған. ... Ал «Елорда эпопеясы» басылымында қазақ елінің бас шаһары, жақында ғана атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерген астанамыз туралы көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, көрнекі сарапшылар мен кәсіби мамандардың жүрекжарды пікірлері топтастырылған. Елбасымыз «Астана – отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі», - дейді. Сондықтан, елордамызды қанша насихаттасақ та – жарасымды", - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

Тұсау кесер барысында «Түркі интеграциясының архитекторы» бейнефильмі көрсетілді.

"Ең бастысы, бүгін тұсауы кесілетін екі кітаптың басты кейіпкері – тек Қазақстан үшін ғана емес әлемнің қазіргі тарихындағы кемеңгер тұлға Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгін оқырмандарына жол тартқалы отырған кітаптар Қазақстан Көшбасшысының көпқырлы қайраткерлігінің екі бағытына арналған. Оның бірі - Елбасымыздың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түркі елдерімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегі болса, ал екіншісі – жалпы қазақтың тарихында алғаш рет мемлекетінің астанасын таңдап қана қоймай, ауыстыру туралы шешім қабылданғанымен, бірақ оның орындалуына сене қоймаған көптің күмәнін жоққа шығарып, Сарыарқаға тәуелсіз еліміздің қасиетті төрі, құтты мекені, ел тірегі – Нұр-Сұлтанды салып беруі", - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Ә.Рахымжанов.

Іс-шара аяқталғаннан кейін қонақтар үшін Елбасы кітапханасы бойынша экскурсия жүргізілді.

Хотите быть всегда в курсе всех брифингов?
Подписывайтесь на наш канал в Telegram!