29 наурыз күні Құрманғазы оркестрі және Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының бірлескен жобасы «Аманат» концерт-спектаклінің премьерасы өтеді.

«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында және Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің 85 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған бұл концерт-спектакльдің мақсаты – ұлыларымызды ұлықтау. Ол жерде поэзия да, ән де, күй де болады. Қорқыт бабамыздан бастап бүгінгі жас композиторларымызды, ақындарымыздың шығармашылығын көрсетуге тырысып жатырмыз. Бұл Қазақстанда тұңғыш рет болады. Сондықтан сәтті өтеді деп сенеміз», - деді Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса ДӘУЕШЕВ.

Бұл шараның Құрманғазы оркестрінің басқа концерттерінен ерекшелігі – атаулы жобаға театр актерлері де өз үлесін қоспақшы. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған тың жоба көрермендерге тек қана оркестрдің орындауындағы танымал шығармаларды тыңдатып қана қоймай, музыка арқылы қазақ халқының тағдырына үңілуге мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры оркестрдің биылғы жылғы жоспарларымен бөлісті.

«Құрманғазы оркестрінің биылғы жоспарында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен мамыр айының 3-ші жұлдызында және 5-ші жұлдызында Ресейде оркестрдің «Ұлы дала әуендері» атты жеке концерттік бағдарламасы өтеді деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысында Құрманғазы оркестрінің 85-жылдық мерейтойына арналған гастрольдері жоспарлануда. Оны да мамыр айында жүзеге асыратын боламыз. Жастар жылына орай әртүрлі жобалар ұйымдастырып жатырмыз. Оның бірі – Құрманғазы оркестрінің «Жастар қанаты» атты Алматыдағы оқу орындарымен бірлескен өнерді сүйетін жастардан құрылған арнайы клуб ұйымдастырып жатырмыз. Ондағы мақсат жастарды қазақ өнеріне тәрбиелеу, бағыттау», - деді Нұрғиса ДӘУЕШЕВ.

Айта кетсек, ерекше бағдарламалы концерт-спектакльдің дирижері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы оркестрінің бас дирижері – Абылай Тлепберген. Сценарий авторы – ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Жастар сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы – Ақзия Көлбаева. Қоюшы режиссер, актер – Данияр Базарқұлов.

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешев сөз соңында Елордамыз Астана атауының Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгертілуін қолдайтынын да атап өтті.

"Бұл біздің тарихымызға, болашақ ұрпағымызға деген тәрбие, рухани дүниеміздің кеңдігін байқатады. Сондықтан, Елордамыздың Нұр-Сұлтан қаласы аталуымен баршаңызды құттықтаймын", - деді.