Елордада 24-27 сәуір аралығында «Eurasian Book Fair–2019» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді.

«Әлемдік кітап нарығының 20 шақты еліндегі өкілін Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласында жинау идеясы бекерден пайда болған жоқ. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласы - Еуразия құрлығында инновациялық әрі зияткерлік табыстар мен үздік технологиялардың енуі арқылы жылдам өсіп, ғаламат дамып келе жатқан мегаполистердің бірі», - деді ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Асқаров Әлібек Орталық коммуникациялар қызметінде.

Көрме аясында кешенді мәдени-іскерлік бағдарламалар жүзеге асады. Атап айтсақ, түрлі таныстырылымдар, дөңгелек үстелдер, форумдар, түрлі байқаулар, сондай-ақ, танымал мәдениет қайраткерлерімен, ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырылмақ.

«Бұл көрме -жәрмеңкенің басты мақсаты - қатысушы елдердің әдеби мұрасын, рухани қазынасын, кітаптар мен оны оқу мәдениетін насихаттау, қатысушы елдердің ұлттық әдебиетімен танысу, мәдени байланыстарды дамыту, кітап нарығы өкілдерімен тікелей тілдесу арқылы қатысушы елдермен достық пен ықпалдастықты нығайту», - деді Әлібек Асылбайұлы.

Сондай-ақ, кітап көрмесіне Қазақстанның «Алматыкітап», «Атамұра», «Мектеп», «Қазақ энциклопедиясы», Ресейдің «Белый город», «Розовый жираф» , «Универсалист» , «Манн, Иванов и Фербер», «Самокат» ,«Кожаная мозаика» және өзге де мемлекеттердің жетекші баспалары қатысады.

«Фолиант» баспасының ұйымдастыруымен өткізілгелі отырған шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, «Нұр Отан» саяси менеджмент Академиясы қолдау көрсетеді.

Көрменің ашылу салтанаты 24-сәуір сағат 11.00-де «Көрме» орталығында өтеді. Сондай-ақ, аталмыш көрме 24-27 сәуір аралығында күн сайын сағат 10.00-19.00 өтеді.