«Қазақстан» телерадио корпорациясы Andriod және IOS платформаларында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді видеосервис - «Kinomax» мобильді қосымшасын ұсынды.

Қосымша арқылы отандық телехикаялар, көркем және деректі фильмдер, анимациялық фильмдерді онлайн режиммен қатар, оффлайн режимде де көруге болады.

«Қосымшада «Kinomax-тегі жаңа фильмдер» деген айдарда жаңадан енгізілген кинотуындылар жиналған, «Осы аптада танымал» бөлімінде қолданушылардың арасында танымал, жоғары бағаланған контент, ал «Дәл қазір көруде» айдарынан сол сәтте қолданушылардың тамашалап жатқан контентін көре аласыздар. Сонымен қатар, кішкентай бүлдіршіндер үшін «Балапан» режимі қарастырылған. Бұл топтамада «Балапан» телеарнасының бағдарламалары, анимациялық фильмдер ұсынылған», - деп мәлімдеді «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин.

Бұл видеосервис отандық контентті дамытумен қатар аудитория сұранысына сай сапалы жобаларды ұсыну мақсатында іске асырылуда.

«Қазыр цифрландыру дәуірі, сондықтан көрермендердің көбісі әлуметтік желілерде, түрлі интернет сайттарда өздеріне қызықты да қажетті контентті тауып, тамашалай алады. Таңдау көп, сондықтан танымал трендтерге сәйкес келетін контент жасаушылар саны күннен күнге көбейіп келеді, бәсекелестік күшейе түсуде. Осы орайда«Қазақстан» корпорациясы заман талабына сай жұмыс жасауда», - деп атап өтті.

Еске сала кетсек, өткен жылы «Qazaqstan tv» мобильдік қосымшасын іске қосылған болатын, сол арқылы телеарналардың жобаларын онлайн режимде көру мүмкіндігі пайда болды. Аздаған уақыттың ішінде қосымшаны жарты миллионнан астам қолданушы жүктеп алған.

«Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарымызда жазылушылар саны 1 599 762 адамға жетті. Ал, «Qazaqstan tv» Youtube арнасының жазылушылар саны миллионға жетіп отыр, сондықтан қазіргі сәтте еліміздегі мемлекеттік телеарналардың ішінде ең алдыңғы орында тұр. Маусым айында «Youtub-тың алтын тетігін» иеленуіміз әбден мүмкін.», - деді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар, корпорация Жастар жылы аясында Youtube арнасында жастарға арналған ситком дайындап жатқандығын да айтып өтті.