ҚР Энергетика министрлігінде жаңа Экологиялық кодекс жобасын әзірлеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасы энергетика министрі Қанат Бозымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде мәлімдеді.

Энергетика министрінің айтуынша, ең негізгі бағыттардың бірі – «ластаушы төлейді» халықаралық экологиялық принципін іске асыру.

«Ластаушы үшін айыппұл төлеудің орнына ластауға жол бермеу және ең озық қолжетімді технологияларды енгізу экономикалық жағынан тиімді болады», - деді Қанат Бозымбаев.

Ал эмиссиялар үшін өндіріп алу жүйесі және төлемдер мөлшерлемесі қайта қарастырылатын болады.

«Бүгінгі күні экологиялық төлемдер қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту үшін емес, бюджетті толықтыру көзі болып табылады. Экологиялық қаражаттың аз ғана бөлігі экологиялық проблемаларды шешуге жұмсалады», - деп атап өтті.

Нәтижиесінде жергілікті бюджеттерге түсетін экологиялық төлемдердің кемінде 50% экологиялық мәселелерді шешуге жұмсалатыны заңнамалық түрде бекітілмек.

«Қазіргі уақытта Экологиялық кодекстің жобасы белсенді талқылануда. Кодекс жобасын 2019 жылдың желтоқсанында Парламент қарауына енгізу жоспарлануда»,- деп мәлімдеді Энергетика министрі.

Мемлекет басшысы елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет екеніне ерекше назар аударған болатын.