Қазақстандықтарға франкофония елдерінің бай мәдениетімен және француз тілімен жақынырақ таныстыратын қызықты әрі жарқын мәдени іс-шаралар бағдарламасы ұсынылмақ.

«Бельгия, Канада, Франция, Марокко және Швейцария елдерінің елшіліктері бірігіп, #Frankofonı Naýryzy – 2019» атты мәдени іс-шаралар маусымының бастамасы ретінде, яғни 1 наурыздан бастап, Қазақстанның 6 қаласында Француз тілді фильмдер фестивалі аясында Бельгия, Канада, Франция, Марокко және Швейцария елдерінің кино туындылары көрермен назарына ұсынылады», - деді Канаданың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Николя БРУССО.

Ал 6 наурызда Астана қаласының франкофон әйелдері клубы #FrankofonıNaýryzy маусымын қолдаушылардың бірі болып саналатын актриса Самал Еслямованың қатысуымен «Әйел және ғылым» тақырыбын талқылайды.

19 наурызда Қазақстанның барлық Француз Альянстарында елшілер диктанты өткізіледі, ал 22 сәуірде Алматы қаласында Бельгиялық автор Пейоның «Смурфиктер» атты комикстер көрмесі ашылады.Мұнда жас буын өкілдеріне алуан түрлі ойын-сауықтар ұсынылады.

Сондай-ақ, барша қазақстандықтар үшін дәстүрге айналған 11-ші Ұлттық франкофон ән байқауы. Шара еліміздің 6 қаласында өткізіліп, ақтық кезеңі 27-наурыз күні Алматы қаласында өткізіледі. 10 сәуірде салтанатты түрде Эрик Ваззолердің «Ойрандалған балалық шақ» атты фотосуреттер көрмесі ашылады. Көрменің басты сюжеті Семей қаласының жастарына арналады.