Төртінші рет өткелі отырған «Eurasian Book Fair-2019» Еуразиялық халықаралық кітап жәрмеңкесіне қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Биыл Қазақстан, Ресей, Польша, Әзербайжан, Түркия, Латвия, Қытай, Бельгия, Украина, Иран, Өзбекстан елдерінің кітап баспалары қатысады.

«Бұл кітап жәрмеңкесі– 13 мемлекеттің баспалары мен кітап нарығының өкілдерінің басын қосып, қазақстандық оқырмандармен жүздестірген ұлы жиын. Жыл сайын бұл шараның мазмұны мен ауқымы өсіп, халықтың қызығушылығы артып жатқаны қуантады, - деді «Фолиант» баспасының директоры Исабеков Нұрлан.

Көрме аясында кешенді мәдени-іскерлік бағдарлама жүзеге асады. Атап айтсақ, түрлі таныстырылымдар, дөңгелек үстелдер, форумдар, түрлі байқаулар, сондай-ақ, танымал мәдениет қайраткерлері: ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырылады. Қазақстандық және шетелдік қонақтардың қатысуымен мәдени-іскерлік шаралар өтеді. Этно-мәдени бірлестіктер өнер көрсетеді.

«Кітап баспалары мен оқырмандардың осылай бетпе-бет, жүзбе-жүз кездесулерінің маңызы зор, пайдасы мол. Ұлттық әрі әлемдік әдебиетке бет түзеу, рухани азық алу, кітап оқу мәдениетін насихаттау, жаңа идея иелерімен тілдесу, кітап авторларымен жүздесу- осы форумның басты мақсаты. Мұндай жиынға жас оқырмандардың, әсіресе оқушылардың қатысқаны маңызды. Өйткені бұл - еліміздің негізгі капиталы саналатын жастардың біліміне, рухани дамуына құйылған инвестиция. Себебі бүгінгі қоғамда балаларды кітапқа құмарту, қызықшылығын ояту-өзекті мәселе», - деп атап өтті «Фолиант» баспасының директоры Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен қатар, «Eurasian Book Fair – 2019» кітап көрмесі аясында баспалар арасында «Үздік өлкетану саласындағы басылым», «Балалар мен жасөсіпірімдер басылымы», «Мәденит және өнер», «Ғылым және инновация», «Бас жүлде», осындай 6 аталым бойынша байқау үздіктері жарияланады. Жеңімпаздар мен номинанттар арнайы дипломдармен марапатталады.

Айта кетсек, төртінші «Eurasian Book Fair - 2019» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі 2019 жылы 24-27 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Көрме» орталығында өтеді.