Тәуелсіздік жылдарында осыншама жасты тәрбиелегенімізге өзімді бақытты санаймын. Бүгін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының кезекті жеңімпаздарымен кездесу барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Барлықтарыңыз Тәуелсіздік ұрпағысыздар. Қазақстан Тәуелсіз болмаса мұндай жастардың өсу-өспеуі екіталай еді. Сондықтан, барлығы Тәуелсіздіктен басталады. Ата-бабамыз аңсаған, бабаларымыздың қанымен, аналарымыздың ақ сүтімен келген Тәуелсіздікті қолымызға алып, аяғынан тік тұрғызған ұрпақпыз. Бізден ары қарай жалғастыратын сіздерсіздер. Соны ұмытпау керек», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы жақында Жастар жылының жариялануына орай жастармен кездескенін еске алып өтті.

«Қаншама жалындаған жастардың ойын, сөзін естідік. Қазіргі уақыттағы басқа жұрт желетін болса, біз шабуымыз керек. Себебі біз қалып қалған елміз. Ол біздің кемшілік емес. Тарих, тағдыр бізді солай етті. Көп жылдар Ресейдің қол астында болдық. Басты мемлекет өзінің шаруасын шешіп, бізге де көмегі тиген шығар. Бірақ, біз екінші орында болдық. Одан кейінгі саясат та бізге жол берген жоқ. Бірінші орынға бізді шығармады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ҚР Президенті еліміз енді ғана қанатын жайып, дүниеге қазақтың кім екендігін, қазақ деген мемлекеттің бар екендігін таныта алғандығын баса айтты.

«Тәуелсіздігімізге 27 жыл болды. Түк емес, тарих үшін, дүние үшін бір мезет қана. Соның ішінде осыншама жастарды тәрбиелегінімізге мен өзімді өте бақыттымын деп санаймын», - деді Елбасы.