1 наурыз бен 30 сәуір аралығында Бельгия, Канада, Франция, Марокко және Швейцария елдерінің елшіліктері бірігіп, #Frankofonı Naýryzy – 2019» атты мәдени іс-шаралар маусымын ұйымдастырады, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

Осыған орай, Орталық коммуникациялар қызметінде франкофонды елдер елшілерінің қатысуымен франкофония мерекесіне және #Frankofonı Naýryzy – 2019» маусымына арналған баспасөз мәслихаты өткізілді.

«Франкофония – 5 құрлықтағы 80 мемлекеттің, 300 миллионнан астам француз тілді адамдардың басын біріктіретін гео-мәдени кеңістік. Жыл сайын әлем бойынша Халықаралық франкофония күні 20 наурыз күні тойланады. Қазақстандағы Наурыз мейрамын тойлау осы күнге сәйкес келетіндіктен, аталмыш маусымның #Frankofonı Naýryzy деп аталуы орынды. Мәдени маусым аясында барша Қазақстандықтарға франкофония елдерінің бай мәдениетімен және француз тілімен жақынырақ таныстыратын қызықты әрі жарқын мәдени іс-шаралар бағдарламасы ұсынылады», - деді Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ.

Барлық мәдени іс-шаралар туралы толық ақпаратты Қазақстандағы француз мәдени желісінің ресми сайтынан немесе әлеуметтік желілердегі парақшалардан табуға болады: http://www.culturefrance.kz/.