Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялағанына екі жыл толды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі жылдың ішінде Орталық коммуникациялар қызметінде көптеген жобалар жүзеге асырылды. Жақында ғана ОКҚ «Маңызды» сараптамалық алаңының Түркістан облысында өткізген «Рухани Жаңғыру: Түркістан және туризм» тақырыбындағы жиыны осыған дәлел.

Аңызға толы киелі Түркістанның бай мұрасын, көне мәдениетін қайта жаңғырту, ондағы туризмді дамытуды дәріптеу мақсатында өткен бұл пікіралмасу жиынында «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттары Қазақстанның әр өңірінде көрініс тауып жатқаны байқалады.

Түркістанда өткен жиын барысында жергілікті өлкетанушы Ерлан Сыздық киелі өңірдің сакралды жерлерін аралауға ай жетпейтінін айтады. Алайда Рухани Жаңғыру аясындағы Сакралды Қазақстан жобасына сәйкес туристерге тиімді маршруттар жасалған.

Айта кетсек, бағдарлама аясында Түркістан облысында 104 киелі орынның тізімі жасақталып, тиісті қайта қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатыр. Сонымен қатар, таңғажайып табиғат пен тарихи орындарға бай Түркістан облысына келетін туристер саны биылдың өзінде 2 млнға жуықтаған.

Халықаралық жоба менеджері Зарина Биюмбаева «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы туралы кеңінен тоқталып, бағдарламаның дамуына үлесін қосатын адам ең алдымен өзінен бастау керек екендігін де атап өтті.

«Біз бір-біріне ықпал ететін және өзара сабақтасып келетін мың түрлі жүйелердің ортасында өмір сүреміз және бұл жүйелердің ядросы – адам болып табылады. «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы өте өзекті және орынды деп ойлаймын, өйткені ол осы жүйелердің үйлесімді дамуына жетіспей тұрған пазлды қамтамасыз етеді. Бұл пазл жан-жақты дамыған, санасы, тәні, рухы, ділі мен діні тең дамыған адам. Онсыз біз тиімді экономиканы, үйлесімді қоршаған ортаны, қалалар мен ел болашағын құра алмаймыз», - деді ол.

Рухани құндылықтардың жандануына бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы –ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба. Жобаның мақсаты - ұлттық бірегейлікті сақтау, азаматтар санасының ашықтығы мен білімге баулуын дәріптеу, прагматизм, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, қоғамдық сананың жаңғыртудыдың маңыздылығын алға тарту.