Қазақстанның киелі жерлерінің картасы жобасы аясында Түркістан облысында 104 киелі орынның тізімі жасақталып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

«Біздің облыста аталған жоба аясында өңіріміздегі бірқатар қасиетті жерлерді жаңғырту, қайта қалпына келтіру шаралары қолға алынды. Сонымен қатар, ұлтымыздың ұмыт бола бастаған салт дәстүрлерін жаңғыру және туризм саласын дамыту мақсатында аудан, қалаларда халықаралық, республикалық және облыстық 12 түрлі іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асырылды», - деді Түркістан облысы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Төлебеков.

Сонымен қатар, 2018 жылы өңірдің киелі, тарихи орындары, тұлғалары туралы бірнеше анимациялық фильмдер мен телехикая таспаланған болдатын. Атап айтсақ, «Күш атасы – Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» мультфильмдері және «Көне жетігеннің сыры» атты телесериал түсірілді.

Ал қазіргі уақытта Төлеби туралы телехикая дайындалуда.

«Жалпы облыста туризмді дамыту шаралары Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауы, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары, Жобалық басқару және «Өңірлерді 2016-2020 жылдарға арналған Даму Бағдарламасы» аясындағы тапсырмаларға негізделе отырып жүргізіледі. Осыған орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде 2018 жылы облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы тарапынан бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізілді», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Солардың ішінде Қазығұрт ауданындағы «Наурыз Қазығұрттан басталады», Бәйдібек ауданындағы «Қымызмұрындық», Шардара ауданындағы «Сафари Шардара», Мақтаарал ауданындағы «Қауын Фест», Сарыағаш ауданындағы «Сарыағаш OPEN», Төлеби ауданындағы «Қасқасу», Түлкібас ауданындағы «Ақсу Жабағылы алауым – Шұбайқызыл жалауым» және «Салбурын» фестивальдерін айтуға болады.