Top.Mail.Ru

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толады. Мерейтой қарсаңында 46 іс-шара өтеді, деп хабарлайды ortcom.kz.

«Облыс орталығы болғалы арада бір жыл өтті. Бұл уақыт Түркістан үшін аса маңызды кезең болды. Көне шаһар күннен-күнге көркейіп, заманауи келбетке ие болып келеді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық саласы, рухани-мәдени бағытында оң өзгерістер орын алды», - деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев.

Айтуынша, облыстың 1 жылдық мерейтойы аясында 46 жоба өткізіледі.

«Түркістаным - Тұраным» тақырыбында облыстық музейлер мен кітапханаларда дөңгелек үстелдер мен кездесулер, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің кеңейтілген көрме экспозициясы өткізілсе, 12-16 маусым аралығында Түркістан облысының көрікті орындары, түрлі оқиғаларынан сыр шертетін «Ұлы даланың Түркістаны» атты фотоэкспедициясы ұйымдастырылады», - деп айтып өтті.

Сондай-ақ 13 маусымда «Túrkіstan tórіnde» тақырыбында сұхбат-сырласу кеші ұйымдастырылып, елге танымал спикерлер түрлі тақырыптар бойынша ой қозғайды. Түркістанның дамуы жөніндегі пікірлерін айтады.

Түркістан облысының 1 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмінің тұсауы кесілмек. Ұзақтығы 25 минуттық фильммен бірге «Оқсыз оқиғасы», «Түркістан» анимациялық фильмдерінің және «Төле би» кинохикаясы көрерменге жол тартады.

Ұлы даланы мекен еткен ұлы тұлғалар мен даналардың ерлігі мен адалдық, данышпандық қасиеттерін баяндайтын «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Сақ» киностудиясы түсірген болатын.

2018 жылдың 19 маусымында Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, облыс орталығы етіп Түркістан қаласын бекіткен болатын.

Ал 2018 жылы Ордабасы тауындағы үш ел Президенттерінің тарихи кездесуіне және «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын» құру туралы Елбасы Жарлығының шыққанына 25 жыл толды.

Хотите быть всегда в курсе всех брифингов?
Подписывайтесь на наш канал в Telegram!