Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының 2018 жылғы жұмыс нәтижелері жарияланды.

«Қор бағдарламалары арқылы қаржыландырылған жобалардың жалпы сомасы 450,1 млрд теңгені құрады. Бұл - 21 072 жоба. Екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен несиелендіру бағдарламалары бойынша 2018 жылы 17 690 жобаға 248,5 млрд теңге несие берілді. 2018 жылы несиесін субсидиялаған жобалар саны 1 432, несиелердің жалпы сомасы 173,2 млрд теңге болды. Банк алдында кепілзаты жетпеген жағдайда кепілдік алған жобалар саны 48%-ға артты», - деп мәлімдеді «Даму» Қоры АҚ Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.

2018 жылы «Даму» Қоры кәсіпкерлердің ЕДБ алдындағы 28,4 млрд теңгені құрайтын несиелері бойынша 1950 кепілдік берген.

Басқарма төрағасының айтуынша, биыл «Даму» Қоры дамудың бірнеше бағытын алға қойды. Атап айтқанда, белсенді ШОБ қатарын арттыру, микрокәсіпорындарға қолжетімді болуы үшін бағдарламалардың талаптарын оңтайландыру, оның ішінде несие технологиялары мен IT шешімдерді біртіндеп енгізу, қашықтан оқыту, іс бастаушы кәсіпкерлерге қызметтердің толық жиынтығы және Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жұмысының ретін қайта қарастыру да бар.

Сонымен қатар, Қор микро, шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру үшін қосымша бейүкіметтік қаржы көздерін де тартпақ. Оның ішінде халықаралық қаржы институттарынан алынатын қаражат, облигациялар шығару арқылы қорландыру, корпоративті бизнес қаражаты да бар. Қордың тұрақты институционалды дамуы бизнес-процестердің автоматтандырылуы, ұжымдық басқару деңгейін көтеру және қызметтің жоспарланған қаржылық нәтижелер деңгейіне қол жеткізуімен байланысты.