Денсаулық сақтау саласындағы тікелей өзгерістер күнделікті пайдаланып жүрген медицинаның сапасына және қолжетімділігіне әсер етеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халыққа есеп беру қортындысы бойынша өткен баспасөз маслихатында айтты.

«Бүгін Үкіметте екі маңызды қаулы қабылданды. Құжаттар еліміздегі келесі жылдан басталатын әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне арналған. Қысқаша айтсақ, келесі жылдан бастап елімізде тегін медициналық қызметтің екі көлемі болады», - деді Елжан Біртанов.

Айтуынша, бірінші көлемі – мемлекет тарапынан кепілдендірілген көлем. Ол Қазақстан аумағында тұратын бүкіл азаматтарға тегін беріледі. Екінші көлем – тегін медициналық көмектің қызметі. Ол тек қана медициналық сақтандыру жүйесіне қатысып жатқан азаматтарға арналған.

«Бірінші мемлекеттік көлемге жедел жәрдем, санитарлық авиациялық, алғашқы медициналық көмек, емханалардың қызметі кіреді. Сонымен қатар ең маңызды әлеуметтік жиі кездесетін ауруларға арналған медициналық көмек, сондай-ақ, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Осы негізгі көлемде ең минималдық стандарт бүкіл азаматтарға арналған алғашқы медициналық көмектің негізінде медициналық қызмет тегін беріледі»,- деді ол.

Сондай-ақ, өз сөзінде денсаулық сақтау саласындағы технологиялардың тапшылығы және медициналық кадрлардың тапшылығы да маңызды мәселе болып отырғанын айтып өтті.

«Сол мәселелерді шешу үшін осы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының тарапынан екінші көлем бойынша қосымша медициналық қызметтер тегін берілетін болады. Ол - түрлі консультативтік, дагностикалық зерттеу қызметтері және стационарлық ем, жоғары технологиялық емдер», - деді Денсаулық сақтау министрі.

Сонымен қатар, оңалту және реабилитация қызметтері пайда болады.

«Осылай екі пакетке бөлу – бізге өзіміздің медицинаның сақтандыру деңгейін 67 пайызға көтеруге мүмкін беруде. Бұндай тікелей өзгерістер күнделікті пайдаланып жүрген медицинаның сапасына және қолжетімділігіне әсер етеді деп сенеміз»,- деді сөз соңында.