Қарағанды облысының тұрғындары қазақ тілінің жаңа латын графикасын арнайы түрде құрылған Тілдер ресурс орталығында оқи алады. Дәрістер Достық үйінде барлық ниет білдірушілер үшін тегін түрде өтеді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Орталық ел Президентінің тапсырмасы бойынша Тілдер ресурс орталығының базасында Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп құрылған.

Сабақтар 10-12 адамнан құралған топтарға арнайы жабдықталған лингофон кабинетінде өтеді. Мұндай тренингтер 2018 жылдың тамызынан бері өткізіліп келеді. Сол уақыттан бері қазақ тілінің латын графикасын Қарағандыда 1500 және облыс бойынша 6,5 мың адам меңгерген.

"Барлық қалалар мен аудандарда біздің мамандар қызмет етеді. Ұстаздар сабақтар мен тренингтерді жергілікті жерде өткізеді. Орталықта өтетін дәрістермен қоса, біздің өкілдер алдын ала тапсырыс бойынша мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсірорындарда сабақ өткізеді. Мектептер мен университеттерде де латын графикасы бойынша дәрістер ұйымдастырамыз", - дейді Қарағанды облыстық Тілдерді дамыту басқармасының жанындағы Тілдер ресурс орталығының директоры Гүлнәз Мұстағұлова.

Латын әрпін барынша көбірек адамдарға үйрету үшін Latyn-karaoke жобасы шеңберінде Q-ǴALAM youtube-арнасында субтитры бар танымал қазақ әндері жүктелген.

Қазір орфорграфиясы бар латын графикасын үйрету бойынша толыққанды курсты іске қосу үшін орталық мамандары сауатты жазу ережелерінің ресми түрде бекітілуін күтіп отыр. Шамамен ол наурыз-сәуірде болады деп күтілуде. Сонан соң орталық мамандары Астанада оларға сабақ беру құқығын беретін 72 сағаттық тренингтен өтеді.

"Біз қысқамерзімді курстар ашамыз, онда барынша қажетті және пайдалы ақпарат болады. Осылайша, біз облысымыздың тұрғындарын ауқымды түрде жұмылдыра аламыз. Студенттер, оқушылар, мемлекеттік қызметкерлер жергілікті жерде оқудан өтетін болады", - деп атап өтті Гүлнәз Мұстағұлова.

Бұған қоса, қаңтардың соңында орталық жанында "Мәміле" сұхбаттасу клубы ашылады. Оған қазақ тілінде сөйлегісі келетіндер, мемлекеттік тілді меңгергісі келетіндер мен тілге шорқақтығынан қысылатындар келе алады. Клуб спикерлері танымал адамдар, оның ішінде өз ниетімен тілді жоғары деңгейде меңгеріп алған басқа ұлт өкілдері де болады.

Сабаққа жазылу немесе Тілдер ресурс орталығы туралы қосымша ақпарат алу үшін +7 701 953 09 37 телефон нөміріне хабарласуға болады.