Арыс тұрғындары қашан үйлеріне қайтатыны және қала инфрақұрылымы қалай қалпына келтірілетіні туралы Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді.

«Тазарту жұмыстары аяқтағаннан кейін тұрғындарды қайтару мүмкіндігі туралы шешім қабылданып, материалдық залал бойынша бағалау комиссиясы жұмысы жүргізетін болады. Премьер-министр тағайындаған жұмыс тобы Жеңіс Қасымбектің басқаруымен әкімшіліктермен және құрылыс компанияларымен бірлесе отырып, әлеуметтік нысандардың инфрақұрылымы мен тұрғын үйлерге келтірілген залалды бағалайды», - деп хабарлады спикер.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтік резервтен қаржыландыру бөлінуде. Бағалау есептері ұсынылғаннан кейін, қалпына келтіру жұмыстары басталады», - деді Ильин.

Юрий Ильин Арыс тұрғындарының қалаға оралуы туралы айтып берді.

«Бұның бәрі қоймалардағы жағдайдың қалпына келтірілуіне, сондай-ақ жинау жылдамдығына байланысты. Мемлекет басшысы барлық жұмыстарды 2-3 күннің ішінде қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды », - деді ол.