Арыс қаласында жапа шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін 22 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан кейін 165 адам медициналық көмекке жүгінді, олардың 76-сы медициналық көмек алғаннан кейін амбулаторлық емделуге жіберілді, 89 науқас стационарға жатқызылды. Реанимация бөлімшелерінде 15 науқас бар», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице - министрі Олжас Әбішев Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, негізгі контингент Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық және облыстық балалар ауруханаларында жатыр. Сондай-ақ, Түркістан қаласының орталық ауруханаларында пациенттер медициналық көмек алуда.

«Медициналық көмек көрсету үшін Арыс, Ордабасы ауданы, Түркістан, Кентау қалалары мен Шымкенттен 22 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Жамбыл облысынан қосымша 4 бригада жіберілді. Сондай-ақ, Жамбыл және Қызылорда облыстарында 12 бригада дайын тұр», - деді Олжас Әбішев.

«Қазіргі таңда барлық ауыр жағдайдағы науқастарға консультациялық көмек көрсетілді, олардың біреуіне операция жасалды. Жедел транспорт қажет болған жағдайға санитарлық авиацияның 2 тікұшағы дайын. Ол медициналық жабдықтар мен мобильді бригадалармен жабдықталған. Денсаулық сақтау министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге барлық медициналық қызметтерді көрсету үшін бар күш-жігерін жұмсайды », - деп қорытындылады Ораз Әбішев.