Оқыту қаңтар-қараша айларының аралығында қаланың төрт ауданындағы оқу залдарында өткізіледі. Аталмыш курстарға елорданың кез келген тұрғыны жазыла алады, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, "Руханият" коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесіп, 2019 жылы елордалық ересек тұрғындарға қазақ тілін қарапайым деңгейден жоғары деңгейге дейін жоғарылату бойынша тегін оқыту курсына жазылу басталғанын хабарлады.

"Тыңдармандар қазақ тілін күнделікті тұрмыстық кәсіби салаларда қолдану үшін қарапайым және базалық деңгейлер (А-1, А-2) көлемінде, өз бетінше пайдалана алуы үшін орта және ортадан жоғары деңгейлер (В-1, В-2) көлемінде, коммуникативтік әдістеменің негізгі ұстанымдары мен әдіс-тәсілдері негізінде құзыретті түрде қолдануы үшін жоғары деңгей (С-1) көлемінде меңгере алады. "Руханият" орталығының оқытушылары курсқа қатысушылардың мемлекеттік тілді меңгеруіне, қазақ тілінде еркін әрі сауатты жазуына және сөйлеуіне ықпал етеді", - делінген тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының хабарламасында.

Ведомствода мәлімдегендей, қазақ тілін меңгеруге арналған тегін курстар 2019 жылдың қаңтар-қараша айларының аралығында қаланың төрт ауданындағы оқу залдарында оқытылатын болады. Курс барысында тыңдаушылар қажетті оқу құралдарымен қамтылады.