Еліміздің «жасыл» экономикаға көшу бағдарына сәйкес жаңартылатын энергетика секторы жоспарлы түрде дамып келеді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2020 жылға қарай 3% - ға дейін, 2025 жылға қарай 6% - ға дейін, 2030 жылға қарай 10% - ға дейін артады», - деп мәлімдеді Қазақстан Республикасы энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Айтуынша, егер 2014 жылы Қазақстанда қуаты 177 МВт болатын 35 ЖЭК объектісі болса, бүгінде жалпы қуаты 679 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 74 объектісі жұмыс істейді.

«Жыл соңына дейін қуаты 236 МВт болатын тағы 10 ЖЭК объектісін іске қосу жоспарланып отыр», - деді Қанат Бозымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында.

Тиісінше жаңартылатын энергия көздері объектілерін 2020 жылы – 95 (1483МВТ), 2021 жылы 119 (2096 МВт) жеткізу көзделуде.