ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев халықпен есептік кездесуінде Арыс қалсындағы төтенше оқиғадан қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды ortcom.kz.

«Арыстағы ағайынмен біз де бірге екенімізді айтқым келеді. Кешегі қайғылы оқиғада қаза болған азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Жарақат алған кісілердің тез сауығып кетуін тілейміз. Біз тағы да елдігімізді таныттық, осындай тосын оқиғаларда бір жұдырықтай жұмыла білетін бірлігімізді көрсеттік. Арыстан уақытша эвакуацияланған ағайынға Қазақстанның түпкір-түпкірінен көмек беруге ықылас танытып жатқан азаматтардың да саны артып жатыр», - деді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қызметкерлері де зардап шеккен қалаға көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударатынын айтып өтті.

«Біздің министрлікке қарасты ұйымдар да осындай қадам жасап жатыр екен. Бұл бастаманы қолдаймыз», - деді Дәурен Абаев.