Бүгін Ұлттық бірыңғай тестілеудің алтыншы күні өтіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін тестілеуге өтініш берушілердің 96 пайызы ҰБТ тапсырды, деп хабарлайды ortcom.kz.

Аралық нәтижиелер бойынша, 24 маусым күні ең жоғарғы нәтиже көрсеткен 140 балл иегері анықталды.

«Ол - Түркістан облысы Сарығаш ауданының түлегі, алтын белгі иегері Жұбаев Қасымжан Әділжанұлы», - деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Адлет Тойбаев.

Бүгінгі күнге дейін ең көп таңдалып отырған пәндер тізбесіне келетін болсақ, физика, матерматика, химия, биология пәндері түлектер арасында көп таңдалған.

«Ең төменгі баллды алып жатқан балалар да бар. Бірақ олар туралы нақты ақпараттар жоқ. Ондай ақпараттарды жинап жатқан жоқпыз. Себебі әртүрлі жағдайлар болады. Кейбір кезде балалар қобалжулары мүмкін, басқа да жағдайлар болуы мүмкін. Ең төменгі баллдарды да, орта баллдарды да санамаймыз. Мектеп, облыс, аймақ бойынша да орташа баллдарды шығармаймыз» , - деді ол.

Айта кетсек, Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі биылдан бастап ҰБТ нәтижиелері бойынша мектептердің рейтингісін жасамау туралы мәлімдеген болатын.

20 маусымнан бастап өтіп жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеудің 5 легі өтті.