Жұмыссыздық, баспана, жастарды қолдау аясындағы проблемалар басты назарға шығарылады. Тұңғыш Президент қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жәнібек Арыновтың пікірі осындай, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап.

"Үкіметтің кешегі таратылуы күтпеген оқиға болады деуге келмейді. Өйткені бұған дейін де президент тарапынан, халықтың тарапынан кешегі үкіметтің жұмысына көптеген сыни көзқарастар айтылған болатын. Естеріңізде болса, 30-қаңтарда өткен кеңейтілген отырыс барысында президент тарапынан өте үлкен сын айтылды. Әлеуметтік-экономикалық мәселелердің жиналып қалғандығы айтылған болатын",- деді ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы Жәнібек Арынов.

Оның пікірінше, енді жаңа үкіметке экономикалық серпін берер талаптар қойылмақ.

Сонымен қатар жаһанда болып жатқан экономикалық кикілжіңдер де елімізге жанама түрде кері әсер бергенін де назардан тыс қалдырмау керек екендігін де атап өтті. Дегенмен, соңғы 2 жарым жыл ішінде олқылықтармен қатар жетістіктердің де болғанына тоқталды.