Мемлекет басшысының тапсырмалары мен бастамаларына сәйкес Қазақстан Ұлттық банкі бірқатар әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруда, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Ұлттық банк мәліметінше, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы екі бөліктен тұрады. Бағдарламаның бірінші бөлігі 2004 жылдан бастап 2009 жыл аралығындағы кезеңде қарыз алған ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Аталған қарыздарды қайта қаржыландыруға Қазақстан Ұлттық банкі 130 млрд теңге бөлді. 2019 жылғы 10 ақпандағы жағдай бойынша бағдарлама аясында банктер 161,1 млрд теңге сомаға 26 021 қарызды мақұлдап, 141,1 млрд теңге сомаға 24 195 қарызды қайта қаржыландырды.

Бағдарламаның екінші бөлігінде Қазақстан Ұлттық банкінің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алынған жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын теңгемен қайта қаржыландыру көзделіп отыр. 2019 жылғы 10 ақпанда банктер валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру үшін 53,6 млрд теңге сомаға 6 361 өтінімді мақұлдап, 38,6 млрд теңге сомаға 4 917 қарызды қайта қаржыландырды.

Ұлттық банк басқармасының 2018 жылғы 25 желтоқсандағы № 310 қаулысымен банктер валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылғы 15 шілдеге дейін ғана ұзартылды. Қарыз алушының/қоса қарыз алушының қарызды қайта қаржыландыруға өтініш беру мерзімі 2019 жылғы 1 шілдені қоса алғанға дейін белгіленді. Қарыздың бағдарлама талаптарына сәйкестігін анықтау үшін қарыз алушыларға кредитор банкке өтініш беру қажет екендігі туралы айтылды.