27.06.2022 _ 14:29

Е.Маржықпаев: Ақмола облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды индикаторларын орындау жөнінде бірінші орында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ақмола облысында халыққа қолдау көрсету бойынша нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Алға қойылған міндеттерді және дағдарыстан кейінгі дамудың басым бағыттарын іске асыра отырып, өңір дамудың оң серпінін сақтап қалды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мәлім етті.

Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша республика өңірлерінің бөлінісінде облыс әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды индикаторларын орындау жөнінде бірінші орында келеді. 
«Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша орындауға қол жеткізілді. Өнеркәсіп өндірісінің индексі 109%, ауыл шаруашылығы – 100,5%, негізгі капиталға инвестициялар – 127% , құрылыс жұмыстары – 136% құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 1,5%-ға өсті. Биыл мамыр айында тұтыну бағаларының индексі 108,2%-ды, оның ішінде азық-түлік тауарлары бойынша - 112,5%-ды құрады», - деді облыс әкімі. 
Сонымен  қатар 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындары 5 мыңға жуық. Жұмыссыздық деңгейі – 4,8%. Бірінші кезекте қажетті тауарлардың бағасы тұрақты бақылауда.